Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүпірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап отырса еңбектерінің ақталғаны емес пе!? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуінің мәні де осында.
Расында, ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген.
Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын! Ізгі ниетпен Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернат директоры: Е.Серікбаев.